Сарапшы акциялар мен жеңілдіктердің жасырын қулығын түсіндірді

Ақтоты Жапатова 29 сәу. 2026 09:56

Экономист, қаржы сарапшысы Мақсат Халық жеңілдіктер мен акцияларға алданып, жоспарланбаған сатып алулардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Оның айтуынша, көптеген адам «50% жеңілдік», «арнайы акция» деген жарнаманы көріп, қажеті жоқ тауарды сатып алып, оны үнемдеу деп қабылдайды. Алайда бұл көбіне қосымша шығынға әкеледі.

«Адам өзіне керек затты толық бағасына да ала береді. Ал маркетологтардың мақсаты – сіздің ақшаңызды үнемдету емес, жоспарламаған затты сатып алдыру», – дейді сарапшы.

Мақсат Халық мұны экономикада импульсивті тұтыну деп түсіндірді. Яғни адам эмоцияға беріліп, «арзан екен» деген оймен шешім қабылдайды да, «маған бұл керек пе?» деген маңызды сұрақты кейінге ысырады.

Сарапшының сөзінше, жеңілдік – қажеттілік емес, тек мүмкіндік. Сондықтан бағаға емес, тауардың шынайы құндылығына мән беру керек.

«Сіз бұл затты жеңілдіксіз сатып алмайтын  болсаңыз, демек ол сізге қажет емес», – деді ол.

Қаржы маманы саналы тұтынушы нарықтың асықтыруына ермей, әр сатып алуды ойланып жасайтынын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove