Астана тұрғындары NAK Investments жүргізіп жатқан тұрғын үй құрылысына наразылық білдіруде. Даулы жоба елордадағы Рысқұлов көшесінде, №2 қалалық аурухана маңында орналасқан, деп хабарлайды Dalanews.kz "NewTimes.kz"-ке сілтеме жасап.
Бұл BAYAAN атты бизнес-класс санатындағы тұрғын үй кешені туралы. Жобаға сәйкес, мұнда бес блоктан тұратын тоғыз қабатты үй мен жеке автотұрақ салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың басында басталып, 2027 жылдың ортасында аяқталуы тиіс.

Алайда қала тұрғындары жаңа нысан аурухана жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаулы. Олардың айтуынша, құрылыс салдарынан жолдар тарылып, жедел жәрдем көліктерінің қатынауы қиындауы ықтимал.
Әлеуметтік желілерде тұрғындар құрылысқа қарсы пікір білдіріп жатыр. Кейбірі қалада бос жер жеткілікті екенін айтып, мұндай нысандарды медициналық мекемелердің жанына салмау керектігін алға тартуда.
Ал құрылыс компаниясы барлық жұмыстар заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. NAK Investments өкілдерінің сөзінше, жоба жергілікті атқарушы органдармен келісілген және қажетті рұқсат құжаттары бар.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жүк көліктері бір ғана кіреберіс жолды пайдаланып, аурухана маңында көлік кептелісін тудыруда.

Астана қаласының әкімдігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«Жоба жаңа емес, ол 2024 жылы Бас жоспарға енгізілген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, ал жер телімі «Байқадам 2022» ЖШС-не тиесілі. Құжаттарға сәйкес, бұл жерде бастапқыда-ақ автотұрағы мен кіріктірілген нысандары бар тұрғын үй кешенін салу жоспарланған», – деп хабарлады қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.
Айта кетейік, №2 қалалық аурухана – күн сайын ауыр науқастар жеткізілетін ірі медициналық мекеме. Сондықтан тұрғындар құрылысқа байланысты инфрақұрылымдық қиындықтар денсаулық сақтау қызметіне кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.
