Алматы облысы Алмалы ауылында қаза тапқан 17 жастағы Жангелді Мұраттың жақындары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер толық жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Almaty.tv мәліметінше, қайғылы оқиға 1 қаңтарда болған. Жасөспірім таныс қызды үйіне шығарып салу үшін сыртқа шыққан кезде жолда оны бірнеше жігіт тоқтатқан. Туыстарының айтуынша, олар оның әлгі қызбен араласуына қарсы болған. Кикілжің тез арада ушығып, күдікті ретінде танылған 9-сынып оқушысы ағасын шақырған. Кейін жанжал төбелеске ұласып, сол сәтте жасөспірімге пышақ сұғылған. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей көз жұмған.
Марқұмның анасы Жанар Талқанбаева ұлы өкпе, қол және иық тұсынан пышақталғанын айтты. Жақындарының сөзінше, Жангелді фельдшер мамандығында білім алып жүрген, болашағынан үміт күттірген жас болған.
Туыстары бұл жағдайды жай төбелес емес, топ болып жасалған шабуыл деп есептейді. Олардың мәліметінше, жасөспірімге кемінде төрт адам жабылған, алайда әзірге бір күдікті ғана қамауда.
Қазір іс Қарасай аудандық сотында қаралып жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
