⁠Астанада жаңа тәртіп: эвакуация және айыппұл

Самал Асқар 28 сәу. 2026 14:20

Астанада жол ережесін бұзған көліктерді ақылы эвакуациялау басталды, деп хабарлайды Dala News.

Бұл шара көлік жүктемесін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізілген. Енді ереже бұзған жүргізушілердің көліктері арнайы коммуналдық тұрақтарға жеткізіледі.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, дұрыс қойылмаған көліктер көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін төмендетеді. Соның салдарынан кептелістер пайда болып, қозғалыс қиындайды.

«Ереже бұзу жағдайлары, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар қаладағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді», – деді орталық директоры Марат Садуов.

Астанада көлік саны 600 мыңнан асқан, ал күн сайын 2 мыңнан астам осындай заңбұзушылық тіркеледі.

Эвакуация көп адам жиналатын орындарда және тыйым салу белгілері орнатылған аумақтарда жүргізіледі. Процесс толық цифрландырылған: арнайы жүйелер бұзушылықты тіркеп, деректерді полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама келеді.

Егер жүргізуші көлігін орнында реттеп үлгерсе, тек әкімшілік шара қолданылады және эвакуация жасалмайды.

Көлікті қайтару үшін полиция департаментіне жүгініп, рұқсат алып, арнайы тұрақтан алу қажет. Эвакуация құны 3 АЕК, ал тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove