Өскеменде бірнеше бала үй жағдайында жасалған сүндеттеуден кейін асқынулармен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Dala News.
Дәрігерлердің мәліметінше, қалада сүндеттеуді үйде жасайтын адам пайда болған. Соның салдарынан балаларда қан кету мен жараның іріңдеуі тіркелген.
«Бірнеше бала асқынулармен жүгінді. Бір бала хирургия және урология бөліміне жатқызылып, ем алып жатыр», – деді бөлім меңгерушісі Рахимжанов Қайрат Құсманұлы.
Мамандар ата-аналарды сақ болуға шақырады. Олардың айтуынша, мұндай процедураларды тек медициналық мекемеде, тиісті жағдай мен білікті мамандар болғанда ғана жасау қажет.
«Кез келген хирургиялық операция стерильді жағдайда жүргізілуі тиіс. Ауруханада барлық қажетті құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек бар. Ал үй жағдайында жасалған операциялар ауыр инфекцияларға әкелуі мүмкін», – деп ескертті дәрігер.
