Қазақстандықтардың жеке деректері интернетте сатылған: министрлік мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 28 сәу. 2026 13:21

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Ростислав Коняшкин қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз жинау және сату фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, тергеу жалғасып жатқандықтан, әзірге істің егжей-тегжейі жария етілмейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер вице-министрден бұл іске мемлекеттік органдар немесе ХҚКО қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын сұрады. 

"Мен мұны нақты ХҚКО қызметкерлері деп айтпас едім. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіретін вице-министр ретінде айтарым, ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге қолжетімділік әр пайдаланушыға берілген рөлге сәйкес бөлінеді. Егер нақты бір қолданушы заңды бұзса немесе алынған ақпаратты заңсыз пайдаланса, онда оларға қатысты тиісті құқық қорғау шаралары жүргізіледі", – деді Ростислав Коняшкин Үкіметтегі брифингте.

Ростислав Коняшкин министрлік қазіргі таңда жеке деректерді қорғау талаптарын күшейту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 27 сәуірде Алматы мен Астанада қазақстандықтардың жеке дерегін сатып жүргендер анықталған болатын. 

Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іске қатысушылар заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет желісінде сатып келген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove