Әлеуметтік желіде қазақтарға тіл тигізген Виолетта Паршинаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, азаматша П.-ның жеке басы анықталып, ол полицияға жеткізілген. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріліп жатыр.
"Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және оларға қағидатты түрде құқықтық баға беріледі. Тұлғаның мәртебесіне және өзге де жағдайларға қарамастан, ұлттық белгісі бойынша қорлау фактілеріне жол берген барлық азамат заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады", – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ полиция ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған кез келген әрекеттер, арандатушылық және алауыздықты қоздыратын материалдарды тарату фактілері қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Виолеттаның қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтқан жазбасы тараған еді. Ол Threads платформасында Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды "топастар", "мамбеттер", "ауылдан келгендер" деп кемсіткен.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызып, желі қолданушылары оның әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті. Кейін оның жұмысынан босатылғаны хабарланған.
