Целиноград ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларына сот отырысын үлгі ретінде көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шара Қоянды ауылындағы лицей оқушыларының қатысуымен өтіп, жастардың құқықтық сауатын арттыруға, заңға деген құрметін қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды.
Шара барысында оқушылар сот процесіне қатысушылардың рөлін сомдап, қылмыстық істерді қарау тәртібімен және сот талқылауының ерекшеліктерімен тәжірибе жүзінде танысты.
Кездесу аясында қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, төбелес шығару, денсаулыққа зиян келтіру секілді әрекеттер үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік пен оның салдары кеңінен айтылды.
Іс-шараға 400-ден астам оқушы қатысты.
Жиын соңында белсенді оқушыларды құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Жас-Ұрпақ» жобасының қатарына салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті.
