Астанада бірнеше ай бойы бұрынғы сүйіктісін аңдыған ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды Dala News.
Қала прокуратурасының мәліметінше, сот оны кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салынды.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың ақпанына дейін бұрынғы қызын жүйелі түрде мазалаған. Ол 150-ден астам рет қоңырау шалып, агрессивті хабарламалар жіберген.
Бұдан бөлек, айыпталушы жәбірленушінің жұмыс орнына барып, жанжал шығарып, мүлікке зиян келтірген. Сондай-ақ әйелге және оның отбасы мүшелеріне қорқыту сөздер айтқан.
Нәтижесінде жәбірленуші ұзақ уақыт бойы қорқынышта өмір сүргені анықталды.
Сот шешімімен сотталған азаматтан 392 мың теңге көлемінде материалдық шығын және 150 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді.
