Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың соңына қарай теңге бағамы әлсіреуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олардың болжамынша, жыл соңына дейін доллар бағасы 540 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
Мамандардың айтуынша, теңгенің қазіргі күшеюі ұзақ мерзімді үрдіс емес. Бірінші тоқсанның қорытындысында доллар бағамы 478 теңгеге дейін түскенімен, сарапшылар бұл деңгейді экономикалық тұрғыдан негізделген көрсеткіштен жоғары бағаланған курс деп есептейді.
Есепте теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер еткені айтылған. Атап айтқанда, жоғары базалық мөлшерлеме, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін валюта сатып алудың тоқтатылуы, квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық табысын міндетті түрде сатуы және мемлекеттік облигацияларға шетелдік капиталдың келуі қолдау көрсеткен.
Сонымен қатар, биржада нақты қайдан шыққаны белгісіз ірі көлемдегі валюта ұсынысы да байқалған.
Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, алдағы уақытта теңгеге қысым жасайтын негізгі тәуекелдер қатарында жоғары инфляция, сауда профицитінің азаюы, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік облигацияларға қызығушылығының төмендеуі, жаһандық нарықта доллардың күшеюі және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры тарапынан валюта сатылымының қысқаруы бар.
