Қостанай қаласының №2 соты түнгі клубта болған төбелеске қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Dala News.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылар Ал., С. және Ай. бұзақылық ниетпен адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және топ болып жасалған бұзақылық бойынша жауапқа тартылған.
Іс барысында 2025 жылдың маусым айында айыпталушылар түнгі клубта алкоголь ішіп отырғаны анықталды. Би алаңында Ал. жәбірленушімен соқтығысып қалғаннан кейін, болмашы себепті сылтау етіп, оны жұдырықпен ұрып жіберген. Соққыдан жәбірленуші жерге құлап, кейін сол көзінің көру қабілетін жоғалта бастаған. Салдарынан оған ауыр дене жарақаты келтірілген.
Одан кейін айыпталушылар сыртқа шығып, топтасып тағы бірнеше адамға қол және аяқпен соққы жасаған. Нәтижесінде бірқатар жәбірленуші жеңіл жарақат алған.
Сотта айыпталушылардың екеуі кінәсін ішінара мойындаса, біреуі толық мойындаған. Жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкім шығару кезінде айыпталушылардың кінәні мойындауы мен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал қылмыстың алкогольдік мас күйде жасалуы ауырлататын жағдай деп танылған.
Нәтижесінде сот:
- Ал. 7 жылға;
- С. және Ай. 3 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жаза орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.
Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
