Қазақстанда әкімшілік және қылмыстық амнистия жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл шамамен 17 мың адамды қамтуы мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті заң жобалары әзірлену үстінде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақпарат мәліметінше, Снежанна Имашеваның айтуынша, амнистияға қатысты заң жобалары әзірге талқыланып жатыр және Мәжіліс қарауында.
Депутаттың сөзінше, әкімшілік амнистия мемлекеттік органдар салған айыппұлдарды кешіруді көздейді. Алайда нақты қандай құқықбұзушылықтар амнистияға ілінетіні әзірге анықталмаған.
Қазақстанда 600-ден астам айыппұл түрі бар. Қазір солардың қайсысын амнистияға қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл ретте экология мен санитарлық қауіпсіздікке қатысты құқықбұзушылықтар тізімге енбеуі мүмкін, өйткені олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Снежанна Имашеваның айтуынша, әкімшілік амнистия бірнеше миллион айыппұлды қамтуы ықтимал. Бір адамның бірнеше айыппұлы болуы мүмкін болғандықтан, нақты қанша азаматқа әсер ететінін есептеу қиын.
Бұған дейін әйелдер мен зейнеткерлер секілді жекелеген санаттарға айыппұлдарды толық кешіру ұсынылған. Алайда қазір амнистияны барлық азаматтарға бірдей қолдану нұсқасы қарастырылып жатыр.
Қылмыстық амнистия бөлек қаралып жатыр. Депутаттың айтуынша, ол бұрынғы тәжірибеге ұқсас болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, амнистия ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған азаматтарды қамтиды. Жалпы саны шамамен 17 мың адам болуы мүмкін.
Снежанна Имашева әзірленген заң жобаларын Парламентке мамыр айының басында енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
