Түркістан облысында су дауы ушығып тұр

Самал Асқар 28 сәу. 2026 18:10

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Келес ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан су мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dala News.

Тұрғындардың айтуынша, ауыл халқы ұзақ уақыттан бері ауыз суға толық қол жеткізе алмай отыр. Олар бұл мәселе жыл сайын қайталанатынын және нақты шешім қабылданбай келе жатқанын жеткізді.

Үндеуде атап өтілгендей, ауыл тұрғындарына тиесілі су көздері мен инфрақұрылымға қатысты даулар туындаған. Кейбір учаскелер жекенің қолына өтіп кеткен, ал соның салдарынан халық су ресурстарын пайдалана алмай отыр. Сонымен қатар, тұрғындардың сөзінше, суды бөлуге жауапты тарап түрлі себептерді алға тартып, суды беруді шектеп келген.

Қазіргі таңда бұл жағдай сот қарауында екені айтылған. Алайда «сот шешімі шыққанша су берілмейді» деген себеппен ауыл халқы толықтай сусыз қалған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың күнделікті өміріне, мал шаруашылығына және тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр.

Ауыл тұрғындары бұған дейін де мәселені көтеріп, түрлі органдарға жүгінгенін, алайда нақты нәтиже болмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, кезінде бұл аумақта су мәселесі болмаған, бұрынғы колхоз жүйесінде халық суға тұрақты түрде қол жеткізіп келген.

Тұрғындар жағдайдың ушығып кеткенін айтып, Мемлекет басшысынан мәселені жеке бақылауына алып, тиісті органдарға нақты тапсырма беруді және ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін тез арада шешуді сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove