Атырау тұрғындары денсаулықтарының нашарлағанына алаңдап, оны Атырау мұнай өңдеу зауыты шығарындыларымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен айда кәсіпорын 520 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Тексеру нәтижесінде ауадағы күкіртсутек мөлшері рұқсат етілген нормадан 36 есеге дейін асып кеткені анықталған.
Күкіртсутек – улы зат. Оның шамадан тыс мөлшері бас ауруын, жүрек айнуын, көздің ашуын және тыныс жолдарының тітіркенуін туындатуы мүмкін. Ал жоғары концентрацияда адам ағзасына аса қауіпті.
Ресми статистика да алаңдатарлық көріністі көрсетіп отыр. 2024 жылы Атырау облысының қала тұрғындары арасында 100 мың адамға шаққанда қан айналымы жүйесі аурулары 4093,5 болған. Ел бойынша бұл көрсеткіш 2972,2 деңгейінде.
Қан қысымының жоғарылауына байланысты аурулар өңірде 1860,4 болса, республика бойынша 1286,7 тіркелген.
Қан және тамыр аурулары Атырауда 2143,2 көрсеткішке жеткен. Қазақстан бойынша бұл сан 864,4 болған.
Балалар арасындағы туа біткен қан айналымы жүйесі ақаулары да жоғары деңгейде. Өңірде 180,6 болса, ел бойынша 115,8 көрсеткішін көрсеткен.
Тыныс алу органдары аурулары 2023 жылдан 2024 жылға дейін 100 мың адамға шаққанда 11 699-дан 13 431-ге дейін өскен. Ал пневмония деректері 585,7-ден 808,7-ге дейін көбейген.
