Жамбыл облысында педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған 180 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу талаптары қайта өзгертілді. Алайда жаңартылған құжатта бұрынғы шектеулердің басым бөлігі сол күйінде қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Goszakupturaly телеграм арнасының парақшасының мәліметінше, облыстық білім басқармасы мұғалімдердің цифрлық құзыреті мен функционалдық сауаттылығын арттыру қызметін сатып алуды жоспарлаған. Бұл қызмет интерактивті платформа мен арнайы оқу тренажерін қолдану арқылы жүзеге асуы тиіс болған.
Алғашқы конкурс барысында құжаттағы бірқатар талапқа Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (ДВГА) назар аударып, сатып алу рәсімін тоқтатқан. Бұдан кейін тапсырыс беруші құжаттарды қайта қарап, тендерді қайта жариялаған.
Алайда жаңартылған нұсқада техникалық сипаттама айтарлықтай өзгермеген. Құжатта онлайн-платформа мен оқу тренажеріне қойылатын талаптар өте нақты әрі егжей-тегжейлі жазылған. Мұндай сипаттама белгілі бір өнімге немесе жеткізушіге ғана сәйкес келуі мүмкін.
Сонымен қатар негізгі талаптардың бірі ретінде мектепті басқаруға арналған симуляциялық ойын мен функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған онлайн-тренажердің болуы сақталған.
Құжатта кадрларға қатысты талаптар да өзгертілгенімен, жаңа шектеулер енгізілген. Мәселен, ғылыми дәрежесі бар мамандардың орнына шетелдік университеттерден білім алған немесе халықаралық сертификаттары бар мамандар талап етіледі. Кейбір тармақтарда ТМД елдерінде алынған дипломдардың қабылданбайтыны көрсетілген.
Сатып алу құжаттарындағы мұндай талаптар нақты бір ұйымның ресурстары мен кадрлық құрамына сәйкес келуі мүмкін екені байқалады. Сонымен бірге, платформаға қатысты сипаттаманың шамадан тыс нақтылануы қызметтің өзінен гөрі дайын өнімді таңдауға басымдық берілгенін аңғартады.
Қайта жарияланған конкурсқа қарамастан, негізгі талаптар мазмұндық тұрғыда өзгермеген. ДВГА тарапынан ескерту жасалғанымен, түзетулер негізінен формалды сипатта қалып, шектеуші шарттар сақталып отыр.
Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу жүйесінде талаптардың қайта қаралғанымен, олардың мәні өзгермей қалатын тәжірибе бар екенін көрсетеді.
