Денсаулық сақтау министрлігі Ұлытау облысындағы даулы жағдайға қысты редакция сауалына жауап берді. Бұған дейін аутизмі бар баланы оңалту орталықтарының бірі қабылдамай қойған еді. Ведомство бұл шешімнің себебін түсіндіріп, баланың басқа мекемеге қайта бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында. 2026 жылғы 10 наурызда оған “Емдеуге жатқызу бюросы порталы” арқылы Жезқазған қаласындағы “AURAMED” оңалту орталығына жолдама берілген. Алайда орталық баланы қабылдаудан бас тартқан.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шешім аталған орталықта баланың диагнозына қажетті оңалту қызметі болмағандықтан қабылданған.
“Пациентті емдеуге жатқызу көрсетілетін медициналық көмектің бейініне және медициналық ұйымның лицензиясына сәйкес, клиникалық көрсеткіштер мен қойылған диагноз негізінде жүзеге асырылады”, – делінген министрлік жауабында.
Министрлік дерегінше, “AURAMED” орталығы 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған және неврология, нейрохирургия, травматология мен ортопедия бағыттары бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді.
Сонымен қатар осы жағдайға байланысты “Жезқазған медициналық орталығы” ЖШС-на әкімшілік шара қолданылғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта бала Ұлытау облысындағы “Қарлығаш” соматикалық шипажайына қайта бағытталып, стационарды алмастыратын жағдайда оңалту қызметін алып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысының тұрғыны аутизмі бар баласын оңалту орталығы қабылдамай қойғанын айтып, әлеуметтік желіде бейнежазба жариялаған еді. Онда баланың анасы қажетті ем-домды ала алмай отырғанын жеткізіп, жауапты органдардан көмек сұраған. Осы жағдай қоғамда резонанс тудырып, мәселе бойынша ресми органдарға сауал жолданған еді.
