Әзербайжан мен Ресей ұшақ апатының салдарын реттеу бойынша келісімге келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әзербайжан мен Ресей Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағына байланысты мәселелерді, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесін реттеу жөнінде келісімге келді. Екі елдің сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жасады.
Құжатта келісім Әзербайжан мен Ресей президенттерінің 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде өткен кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жүзеге асқаны айтылады.
Мәлімдемеге сәйкес "Әзербайжан әуе жолдары" компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында, Ресейдің әуе кеңістігінде әуе қорғанысы жүйесінің байқаусыз әрекеті салдарынан апатқа ұшыраған.
Тараптар осы оқиғаның салдарын тиісті деңгейде реттеуге, соның ішінде өтемақы мәселесін шешуге келіскен.
Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады.
