Қазақстанда ең төменгі жалақыны күрт арттыру мүмкін емес, деп хабарлайды Dala News.
Депутат Айтуар Қошмамбетов мәлімдеуінше, ең төменгі жалақыны есептеудің өзіндік халықаралық әдістемесі бар және ол әлем елдерінде кеңінен қолданылады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ең төменгі жалақыны медиандық жалақының 50%-ына теңестіру – дамыған елдердегі қалыптасқан стандарт, сондықтан Қазақстан да осы бағытқа ұмтылуы қажет.
«Қазір ең төменгі жалақы белгілі бір әдістемеге сәйкес есептеледі, бұл – бүкіл әлемде қолданылатын тәсіл. Медиандық жалақының 50%-ы деген – ең дамыған елдердің стандарты. Біз де соған ұмтылуымыз керек. Бірақ бір жыл ішінде ең төменгі жалақыны 12 есе көтеру мүмкін емес. Өйткені біздің экономикамыз ондай деңгейде өскен жоқ. Егер экономика екі есе өссе, онда мұндай шешімдерді қарастыруға болар еді. Бірақ қазіргі жағдайда ондай мүмкіндік жоқ», – деді Қошмамбетов.
Депутаттың пікірінше, жалақы өсімі экономикадағы нақты көрсеткіштерге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс.
«Жалақыны бірден бірнеше есе көтеру емес, оны экономикамен бірге біртіндеп өсіру қажет. Мысалы, экономикамыз 6,5%-ға өссе, жалақы да сол шамада өсуі орынды. Бұл – тұрақты әрі теңгерімді тәсіл», – деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, кәсіпкерлердің табысы мен айналымы айтарлықтай артпайынша, жалақыны күрт көтеру бизнеске де, экономикаға да қосымша салмақ түсіруі мүмкін.
