Астанада мұғалімдерге Конституция өзгерістері түсіндірілді

Самал Асқар 15 сәу. 2026 20:17

Астанадағы №97 мектеп-гимназиясында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: Әділетті мемлекетке қадам» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлайды Dala News.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оған қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысты.

Семинар барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елді әділетті, құқықтық және демократиялық мемлекет құруға бағыттайтыны атап өтілді. Сонымен қатар конституциялық құқық, мемлекеттік басқару, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы тұрғысынан академиялық талқылаулар жүргізілді.

Семинардың негізгі мақсаты – Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәнін, мазмұнын және құқықтық негіздерін педагогтерге жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының қағидаттарын талқылау болды.

Конференция аясында 2026 жылғы Конституцияның 94-бабы 1-тармағына ерекше назар аударылып, оның мазмұны, өзекті мәселелері және күшіне ену тәртібі қарастырылды.

Іс-шараға заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамалиден Ибрагимов және Әдістемелік орталық басшысының орынбасары Алма Мухамеджанова қатысты.

Спикерлер өз баяндамаларында конституциялық реформалардың құқықтық негіздеріне талдау жасап, білім беру процесінде бұл тақырыпты тиімді жеткізу жолдарын ұсынды.

Семинарға Астана қаласынан жүзден астам педагогтің қатысқаны айтылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, жаңа оқу материалдарын талқылады, сондай-ақ оқушыларға Конституциялық өзгерістерді түсіндірудің заманауи тәсілдерін қарастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және «Әділетті Қазақстан» құндылықтарын білім беру кеңістігінде кеңінен насихаттауға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove