Өскеменде «Altay Business» форумы қорытындыланды

Ақтоты Жапатова 15 сәу. 2026 16:30

Өскемен қаласында өткен «Altay Business» форумы қорытындыланып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамалар талқыланды. Жиында сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аймақ басшысы экономиканың дамуы тек пікір алмасумен шектелмей, нақты шешімдер мен жедел әрекетке байланысты екенін жеткізді.

– Біздің басты міндетіміз — бизнес алдында тұрған кедергілерді кезең-кезеңімен жою, қолайлы жағдай қалыптастыру және жобаларды нақты нәтижеге дейін жеткізу. Яғни, артық созбалаңға салмай, рәсімдерді азайтып, нақты іске көшу қажет. Алтай бизнес форумы — бұл қорытынды емес, керісінше жүйелі жұмыстың бастамасы деп білеміз. Бүгін көптеген маңызды ұсыныстар айтылды. Мен ең бастысын атап өткім келеді: біз сіздерді естідік, диалогқа дайынбыз. Әсіресе, «бір терезе» қағидатын жетілдіру және рәсімдерді оңайлату мәселесін ерекше атап өткім келеді. Алайда «бір терезе» тек формат қана емес, ол — тұрақты диалог алаңы. Бұл жерде бизнес пен мемлекет өзара тиімді әрекет етеді, мәселелер жиналмай, жедел шешіледі, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, әкім өңірде «бір терезе» қағидаты негізінде кәсіпкерлерге арналған арнайы алаң құру жоспарланып отырғанын айтты.

– «Бір терезе» тек формат қана емес, ол — тұрақты диалог алаңы. Бұл жерде бизнес пен мемлекет өзара тиімді әрекет етеді, мәселелер жиналмай, жедел шешіледі. Болашақта бұл кәсіпкерлер өз жобаларын дамытып, қажетті қолдауды жедел ала алатын толыққанды сервис орталығы болады. Сонымен қатар, креативті индустрияларды дамыту орталығын құру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңір экономикасындағы инвестиция үлесі 16–17 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 25–30 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

– Соңғы жылдары өңірден халықтың көшуі де азайып келеді. Бұрын 10-20 мың адамға дейін көшіп кетсе, қазір бұл көрсеткіш бірнеше мыңға дейін төмендеді. Алдағы уақытта бұл үрдісті толық тоқтатуға мүмкіндік бар. Бұл — жергілікті билікке деген сенімнің артуының белгісі. Егер халық тұрақтанса, демек мемлекетке деген сенім күшейгені. Мемлекет басшысының негізгі талабы — халықтың сенімін арттыру және инвестиция тартуға толық жағдай жасау. Сондықтан біз сіздермен бірге барлық кедергілерді жойып, өңірдің дамуына бірге жұмыс істейміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, «Altay Business» форумы қорытындысында спикерлер арнайы марапаттарға ие болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove