Депутат: "Қазір 300 мың теңге төлесең, өзіңді де, ата-бабаңды да "алтын адамдар" қауымына қосып беретін болды"

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2026 14:55

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды елде қолдан жасалған атақ-даңқ беру сәнге айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, "бір жағында жылтыраққа, арзан атаққа, мақтангершілікке әуес азаматтар, екінші жағында сол "марапатты" таратып жүрген қоғам белсенділері, бетке ұстар азаматтар, тіпті өнер, қоғам қайраткерлері".

"Мәселе жеке адамдарда емес, мәселе осылай жүйеге айналып бара жатқанында. Кейбір пысықайлар "Алтын адам", "Ғасыр адамы" атты энциклопедия шығарып, 300 мың теңге төлесең, өзіңді де, ата-бабаңды да "алтын адамдар" қауымына қосып беретін болды. "Қазақстанның құрметті азаматы", "Ұлт ұстазы", "Ғасыр ұстазы", "Қазақстанның қайраткері", "Алаш ұлы", "Ұлы Дала ұлы", "Арда азамат", "Тұлға" тізе берсең, шегі жоқ жалған төсбелгі мен ордендер. Бұл - атақтың, абыройдың, тарихтың ашық саудасы. Ал мұндайды ұйымдастырып жүргендер - қоғамдағы құндылықтарды жойып жатқан қаскөйлер", - деді ол.

Депутат 2025 жылы 25 желтоқсанда Qazaqstan ardagerleri қоғамдық бірлестігі бірнеше азаматты Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс", "Батыр шапағаты", "Ел жанашыры" секілді белгілермен марапаттағанын, кейін бұл белгінің атауы, сырт келбеті мемлекеттік наградаға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушының біріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 674-бабы 2-бөлігі бойынша айыппұл салынғанын айтты.

Ерболат Сатыбалды қазіргі заңда "қоғамдық марапат" ұғымы нақты айқындалмағанын, салдарынан қоғамдық бірлестік, қауымдастық және өзге ұйымдар тағайындайтын марапат арнайы құқықтық реттеуден тыс қалып отырғанын мәлімдеді.

"Қоғамдық марапаттарда тарихи тұлғалардың есімін және "Құрметті", "Еңбек сіңірген", "Даңқ", "Батыр", "Намыс" сияқты мәртебелі атауды қолдану жиі кездеседі", - деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove