Базарбек: Болат Назарбаевтың кезеңінде кеткен су қоймалары қайтарылды

Көркем Алдабергенова 15 сәу. 2026 16:34

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сот процестері мен су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеді. Ол мысал ретінде Алматы облысын келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, Конституцияда табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені және мемлекет оларды халық атынан басқаратыны бекітілгеніне қарамастан, су қорының бір бөлігі жеке меншікке өтіп кеткен жағдайлар бар.

Базарбек кейбір істер бойынша соттар мемлекеттің ұстанымын қолдап, бұрын жасалған келісімдерді заңсыз деп танып жатқанын айтты. Алайда ұқсас басқа жағдайларда керісінше шешімдер қабылданып, бұл сот тәжірибесінің бірізділігіне қатысты сұрақтар туындатып отыр.

Оның сөзінше, Алматы облысында су қорын заңсыз иеліктен шығару фактілері бойынша тексерулер сотқа дейін жетіп, кей жағдайда сот мемлекет пайдасына шешім шығарған.

«Алматы облысындағы төрт ірі су қоймасы бұрын Болат Назарбаевтың кезеңінде, оның көмегімен, бір адамның қолына заңсыз өтіп кеткен. Қазір олар мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді депутат.

Сонымен қатар, мәжілісмен сот тәжірибесінде қарама-қайшы мысалдар да бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтарындағы жерлерді қайтару бойынша кейбір істерде заңбұзушылықтар анықталғанымен, ұқсас процестерде мемлекеттік органдардың талаптары қанағаттандырылмаған.

Базарбек Жер және Су кодекстеріне сәйкес мұндай аумақтар жеке меншікке берілмеуі тиіс екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл істер бойынша бірыңғай тәсіл болуы қажет.

«Судьялардың ұстанымы туралы ұзақ талқылауға болады. Бірақ заң талаптары анық: су қоры нысандары мен жерлері жеке меншікке берілмеуі керек. Неге Алматы облысында заңсыз берілген жерлерді қайтару кезінде қиындықтар туындайды? Заң бәріне ортақ, олигархтар үшін бөлек әділет болмауы тиіс», – деді ол.

Осыған байланысты депутат Бас прокурордан Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені аумағындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты талаптарды ерекше бақылауға алуды сұрады.

Сонымен қатар, тексеріс қорытындысы бойынша 65 жер телімі бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану және меншік құқығын жою үшін қосымша талап-арыздар беруді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove