Елде тағы бір саяси партия құрылмақ

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2026 15:17

Қазақстанда "Әділет" атты жаңа саяси партия құру жоспары жарияланды. Бұл туралы бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәлімдемеде жаңа партия прогрессивті реформаларды қолдап, Әділетті Қазақстан идеясын ілгерілетуді, заң үстемдігін нығайтуды және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуді көздейтіні айтылған. Негізгі мақсаты - жаңа Конституция қағидаттарына сүйене отырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау.

"Жауапты азаматтардың күшін біріктіріп, экономикасы мықты, мүмкіндігі кең, әлемде беделі жоғары әділетті мемлекет құруды көздейміз", - делінген мәлімдемеде.

Партияның басты басымдықтары қатарында қазақстандықтарға тең мүмкіндік жасау, өңірлік және топтық айырмашылықтардың ықпалын азайту, тәуелсіз әрі тиімді сот, құқық қорғау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ, экономикалық әділдік пен тұрақты даму бар.

Бастамашыл топ 16 сәуірде Әділет министрлігіне тіркеу рәсімін бастау туралы өтініш жолдамақ. Жақын уақытта құрылтай съезін өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, топ құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен түрлі ұйым өкілдері енген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove