Перуашев: «Ақ жол» сайлаудан тыс қалмайды

Самал Асқар 15 сәу. 2026 20:03

«Ақ жол» партиясы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуы мүмкін, ал партия кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды жалғастырады, деп хабарлайды Dala News.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев журналистердің бірқатар өткір сұрақтарына жауап берді.

Оның айтуынша, партия сайлауда әрдайым өз орнын сақтап келеді және сайлаушылар алдындағы беделі жоғары.

«Біздің партияның беті таза, абыройы таза. Біз өз міндетімізді адал атқарып келеміз. Басқа партиялар дәл осылай нақты көрсете ала ма – бұл сұрақ», – деді Перуашев.

Құрылтай сайлауына қатысты сұраққа ол партияның саяси процесстерден тыс қалмайтынын меңзеді.

«Біз әрқашан елдегі саяси процестерге қатысып келдік. Қандай сайлау болса да, біздің партия өз ұстанымын білдіріп, қатысуға дайын», – деді ол.

Перуашевтың сөзінше, «Ақ жол» кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытынан таймайды.

«Бұл біздің негізгі миссиямыз. Біз салық, қаржы, бизнеске қатысты барлық бастамаларды мұқият қараймыз. Егер кәсіпкерлерге қысым болса, біз міндетті түрде қарсы шығамыз», – деді депутат.

Ол партияның нақты позиция ұстанатынын атап өтті. Мысалы, Салық кодексіне қатысты күмәнді нормаларға қарсы болғанын, сондай-ақ Ұлттық банк ұсынған рейтинг агенттіктері туралы заң жобасын қолдамағанын еске салды.

«Мәселе тек қарсы дауыс беруде емес. Мәселе өз ұстанымыңның болуы және оны ашық айту», – деді Перуашев.

Ал жеке саяси болашағына қатысты сұраққа ол нақты жауап бермеді, бірақ саясатта белсенділігін жалғастыру ниеті бар екенін аңғартты.

«Жұмыс бар жерде біз бармыз. Біз бастаған істер бар, оларды аяқтау керек», – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove