Қазақстаннан пана сұраған Украина азаматтарына босқын мәртебесін беру туралы өтініш қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросының (ҚХАҚЗБ) мәліметінше, Донецк облысының Горловка қаласынан келген ерлі-зайыпты Қазақстаннан баспана сұраған. Олар туған елінде әскери қақтығыс жүріп жатқанын, сол себепті өмірлеріне қауіп бар екенін алға тартқан.
Алайда 2025 жылы Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы олардың өтінішін қабылдамай, босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ведомство жұптың заң бойынша қажетті талаптарға сәйкес келмейтінін мәлімдеген.
Кейін олар сотқа жүгініп, Украинадағы соғыс жағдайы ескерілмегенін айтып шағымданған. Бірақ Ақтөбе облысының әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырмады. Сот олардың өз елінде нақты қудалауға ұшырағанын дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деген шешім шығарған.
Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот алқасы елдегі жалпы тұрақсыз жағдайдың өзі босқын мәртебесін алу үшін жеткіліксіз екенін, міндетті түрде адамның жеке басына қауіп төнгені дәлелденуі қажет екенін атап өтті.
Ал құқық қорғаушылар сот шешімімен келіспей, мұндай істерде соғыс жүріп жатқан аймақтан келудің өзі маңызды фактор болуы керек екенін айтып отыр. Қазір олар бұл іс бойынша кассациялық шағым дайындауда.
