Қазақстан Оңтүстік Кореяға қанша мұнай экспорттайды

Қаракөз Амантай 15 сәу. 2026 14:30

Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін Оңтүстік Кореяға 18 миллион баррель мұнай жеткізеді. Бұл туралы Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Сеул 2026 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 273 миллион баррель шикі мұнай мен 2,1 миллион тонна нафта жеткізу жөнінде келісімдер жасаған. Оның ішінде 18 миллион баррелі Қазақстаннан экспортталады.

Оңтүстік Корея тарапы Қазақстанды сенімді балама мұнай жеткізуші ретінде бағалап отыр. Бұған елімізден экспортталатын мұнайдың Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа байланысты тәуекелі жоғары Ормуз бұғазы арқылы тасымалданбайтыны себеп болған.

Сондай-ақ Кан Хун Сик Қазақстанға сапары барысында Ли Чжэ Мённің жеке хатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстағанын айтты. Хатта екі ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірген.

Сеул билігі аталған келісімдер ішкі энергия ресурстары нарығын тұрақтандыруға ықпал етеді деп есептейді. Ресми мәліметке сәйкес, келісілген мұнай көлемі ел экономикасын қалыпты режимде үш айдан астам уақыт қамтамасыз етуге жетеді.

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі аясында Оңтүстік Корея балама жеткізушілер мен жаңа бағыттарды іздеуді күшейткен. Осы тұрғыда Қазақстан Сеулдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды серіктестердің біріне айналып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove