Ресей Мемлекеттік думасы шетелде жүрген ресейліктерді қорғау мақсатында қарулы күштерді пайдалану жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Құжатты 413 депутат қолдады, қарсы дауыс бергендер болмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа түзетулерге сәйкес, Ресей президентінің шешімімен ел азаматтарын шетел аумағында қорғау үшін әскери күш қолдануға мүмкіндік беріледі. Әңгіме шетелдік соттардың шешімімен қамауға алынған, ұсталған немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған ресейліктер туралы болып отыр.
Алайда бұл норма Ресей мойындамайтын немесе құзыреті Мәскеумен жасалған халықаралық келісімдерге не БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына негізделмеген соттарға ғана қатысты болмақ.
Ресей билігінің өкілдері аталған бастама шетелде қудалауға ұшыраған азаматтарды құқықтық тұрғыда қорғауға бағытталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар депутаттар бұл құжат әскери күш автоматты түрде қолданылады дегенді білдірмейтінін атап өткен.
