Тараздағы гимназиялардың бірінде 15 жастағы оқушы қатарластарының соққысына жығылып, ауыр жарақат алды. Туыстарының айтуынша, жасөспірімді сабақ арасындағы үзілісте киім ауыстыратын бөлмеге алдап кіргізіп, сол жерде бірнеше оқушы жабылып ұрған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Криминальный Казахстан" телеграм арнасы бейнебақылау жазбасын бөлісті. Онда әуелде басталған әңгіме көп ұзамай төбелеске ұласқан. Жәбірленушіні бас тұсынан ұрып-соққан, ал оған араша түспек болған досына кедергі келтірген.
Жасөспірімнің анасының сөзінше, баласы ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның көзін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасап, зақымданған мүшені қалпына келтіруге тырысқан. Қазіргі таңда оқушының жағдайы ауыр.
Анасының айтуынша, дәрігерлер алдағы 10 күн аса маңызды екенін ескерткен. Себебі инфекцияның миға тарау қаупі бар. Сонымен қатар бала миы шайқалып, контузия алған.
Жәбірленуші отадан кейін болған жайтты толық есіне түсіре алмай отыр. Оның айтуынша, шабуыл жасағандардың қолында металл зат болуы мүмкін.
Аталған факті бойынша полиция "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің ата-аналарын да жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр.
