Fox News Дональд Трамптың Иранмен соғыстың аяқталғаны туралы айтқан сөздерін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
АҚШ президенті бұл туралы Fox Business арнасының журналисі Мария Бартиромоға берген сұхбатында мәлімдеген. Журналист бұл жайлы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ол жариялаған видеода Трамптан неге соғыс туралы өткен шақта айтып отырғанын сұрағанын жеткізді. Сондай-ақ АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери операциясы аяқталды ма деген сауал қойған.
«Ол [соғыс] аяқталды», - деп келтірді Бартиромо АҚШ президентінің жауабын.
8 сәуірде Иран мен АҚШ екі аптаға атысты тоқтату туралы келісім жариялаған еді. 11 сәуірде Пәкістанда өткен келіссөздер нақты нәтиже бермей аяқталды. Соған қарамастан, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтон келіссөздерде «айтарлықтай ілгерілеуге» қол жеткізгенін айтып, ендігі қадам Иранға байланысты екенін мәлімдеді.
Бұл келіссөздер соңғы он жылдан астам уақыттағы тараптар арасындағы алғашқы тікелей кездесу болды. Сондай-ақ 1979 жылғы Ислам революциясынен бері ең жоғары деңгейдегі талқылаулар саналады.
Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Исламабадтағы келіссөздердің келесі кезеңі осы аптада өтуі мүмкін. Ал The Atlantic басылымы олардың 16 сәуірде өтуі ықтимал екенін жазды.
